423
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен тазалық жұмыстары мен көріктендіру бойынша көшпелі жиналыс өтті. Онда аудан әкімдері мен басқарма басшыларының санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды.

Шымкенттегі «Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу» басқармасының басшысы қаладағы 211 нысанға (саябақ, сквер, ескерткіштер, субұрқақ) күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуге биыл бюджеттен 3 млрд 323 млн. теңге бөлінгенін айтты. Бөлінген қаржы есебінен «Көк», «Чумчак», «Сайрам су сай» каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатын болады.
Жиында Мұрат Дүйсенбекұлы қаламызды таза ұстау ең алдымен әрбір тұрғынның жауапкершілігіне, одан кейін тиісті мердігерлердің жүйелі жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.
— Қаладағы үлкен көшелерді аудан әкімдіктері, үй айналасын кондоминиум, сауда нысандарының тазалығына келісім шартпен кәсіпкерлер жауапты болулары керек. Тазалықта иесіз жер болмауы тиіс. Мердігер мекемелер аудан әкімдіктерімен етене жұмыс жасауы қажет. Енді оларға әлеуметтік желідегі сын-шағымдар дәлел ретінде қабылданып, айыппұл салынатын болады. Аула ішіне тұрғындармен келісім шарты бар мекемелер жауапты. Сондықтан тұрғындар арасында тазалықты көптеп насихаттайтын баннерлер ілінсін -деді Мұрат Әйтенов.
Жыл басында әр аудандағы тазалықты бақылау үшін 4 маман тартылған. Әкім олардың санын онға дейін көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар ол, құрылыс қалдықтарын тастаушыларға нөлдік төзбеушілік көрсетуге, ал полиция қызметкерлерін бұл жұмысқа белсене қатысуға шақырды. Және де бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында көп жылдық гүлдер егуге көшу туралы тапсырма берді.