ШЫМКЕНТ: МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОЛДАУ ТАПҚАН КӘСІПОРЫН ҚАНАТЫН КЕҢГЕ ЖАЙҒАН

85
0
Шымкенттегі кәсіпорын соңғы заманауи үлгідегі технологиямен жабдықталған, өнім сапалы болғандықтан сұраныс та артып отыр, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов “Болашақ-7” түрлі сусындар шығаратын өндіріс ошағын аралап, жұмыс барысымен танысты. Аталған зауыт “Бизнестің Жол Картасы -2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы “Тассай” индустриялды аймағынан бой көтерген болатын. Кәсіпорынның жалпы аумағы 2 гектарды алып жатыр. Қазіргі таңда мұнда айына 34 473 600 дана энергетикалық сусын мен шырындардың түр-түрі шығарылуда.
«Тассай» индустриалды аймағында орналасқан зауыттың өзіндік құны 1 млрд теңгеден астам. Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан аталмыш кәсіпорын соңғы заманауи үлгідегі қондырғылармен жабдықталған.
Бүгінгі таңда өндіріс ошағы 37 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімге пайдаланылатын шикізаттың 80 пайызы өз елімізде өндіріледі. Зауыттың сусын өндіру саласындағы яғни минералды ауыз су, газдалған және энергетикалық сусындар шығаруда тәжірибесі 25 жылға жуықтайды.
“Болашақ-7” ЖШС өнімін Қазақстанның басқа өңірлеріне, сондай-ақ, көршілес жатқан Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне де экспортталады.
Зауыт басшылығы өнім көлемін қазіргісінен де арттырып, кеңеюді көздеп отыр. Бұл бастамасын қолдаған қала әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жалпы, айта кетер болсақ, соңғы жылдары өңірде үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасына аясында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Жалпы өңірде өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 666,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем  индексі 6,7 пайызға артты.  Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 666,4 млрд.теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 106,7 пайызды құрады.