АУРУ АСҚЫНБАСЫН ДЕСЕК…

398
0

Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасы 560 төсек-орынға арналған. Олардың ішінде 60 төсек орын жансақтау бөліміндегі науқастарға арналған. Бүгінде жансақтау бөліміндегі төсек орындардың 95 пайызына ауыр халдегі науқастар ем алуда. Олардың жартысы жасанды тыныс алу аппаратына, қалғандары оттегі аппаратына қосылған. Өкінішке орай, ауруханаға түсіп жатқан науқастардың басым бөлігінің өкпесі 80-95 пайызға дейін қабынып, сатурациясы 50-ге дейін түсіп кеткен. Бұл науқастардың көбісі үйлерінде 7-10 күндей ұзақ уақыт ем қабылдап, ауруларын асқындырып алған.

Бұл туралы Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ережепов Бақтығали мәлімдеді. Ол коронавирусқа шалдыққан ауыр халдегі науқастардың көбейгенін жеткізді.
Бас инфекционистің айтуынша, жансақтау бөліміндегі науқастар үйлерінде өз бетінше ұзақ уақыт ем алуының салдарынан ауыр халде ауруханаға түскен.
Сонымен қатар ол, азаматтардың өз бетінше үйде ем алып, ауруды асқындырып алмауын сұранады. Дәрігер коронавирус белгілері байқалған жағдайда, учаскелік дәрігерге немесе жедел жәрдемге хабарласуды ескертеді. Өз кезегінде Бақтығали Ережепов екпе қабылдау осы ауруды алдын алудың ең негізгі жолы екенін алға тартып, тұрғындарды вакцинация қабылдауға шақыруда.