ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРҒА 25 ТЕГІН WI-FI ОРНАТЫЛАДЫ
Бүгін қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде қаланың елді мекендерді интернетпен қамту барысын баяндады.
Өткен жылы қаладан шалғай орналасқан 14 елді мекенге базалық станция орнатылып, 136 мыңға жуық тұрғын сапалы интернетпен қамтылған. Одан бөлек инвестор есебінен 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізілді.
Осы жылы 15 елді мекенге талшықты оптика желісін тарту жұмысы жоспарланып отыр. Ол үшін қазір қажетті құрал-жабдықтар жеткізілуде.
Шалғайда орналасқан мектептерге жоғары жылдамдықтағы интернет тарту мақсатында Асар-2 шағын ауданына радиусы 30 шақырымға жететін базалық станция орнатылуда. Бүгінде жер телімін анықтау жұмысы атқарылуда. Базалық станция іске қосылса, сол маңда орналасқан мектептердің интернет мәселесі толығымен шешіледі.
Басқарма басшысы қоғамдық орындарға тегін WI-FI желісін орнату жұмысына да тоқталды. 2021 жылы Ubiquiti Networks технологиясымен 30 тегін WI-FI нүктелері іске қосылған.
Биыл аудан әкімдіктерімен бірлесе 9 орын анықталып, жыл соңына дейін 25 WI-FI құрылғысы қойылады. Нәтижесінде қаладағы қоғамдық орындар 100% ақысыз интернетпен қамтылады.
Эфир барысында тұрғындардан 40-қа жуық сұрақ келіп түсті. Сауалдардың басым бөлігі шалғай елді мекендердегі интернет сапасы төңірегінде болды. Басқарма басшысы мобилді операторлар мен интернет сапасына қатысты шағымдарды 24-75-50 номеріне хабарласуға болатынын жеткізді.