23 ЖЫЛДА БАСПАНА БАҒАСЫ 21 ЕСЕ ӨСКЕН – БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Салық кодексінің жаңа редакциясындағы құрылыс компанияларына ҚҚС тағайындау туралы бапқа қарсы шығып жүрген кәсіпкерлерге шүйлікті.

— 23 жыл бойы құрылыс компанияларын қолдап келдік. Субсидия береміз, дотация төлейміз деген сияқты. Баспана бағасын арзандатсын деп ҚҚС-тан босаттық. Бірақ іс жүзінде тұрғын үй бағасы 21 есе өсті. Осы жеңілдіктің арқасында көптеген құрылыс компанияларының иелері «Форбс» тізіміне кірді. Кейбірі капиталын шетелге жылыстатса, кейбіріне тіпті ҚҚС-тан босатудың өзі жеткіліксіз болды. Сөйтіп үлескерлерді сазға отырғыза бастады. Салық кодексінің жаңа редакциясында құрылыс компанияларына ҚҚС тағайындау ұсынылған. Оның кесірінен баға өсіп кетпей ме? Баспана бағасын қалай ұстап тұрмақшысыздар, — деп сұрады депутат.

Бұл сұраққа Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді.

— Біз оны дұрыс деп санаймыз. Бұған дейінгі жеңілдіктер ештеңе бермеді. Сіз айтқандай, баға өсіп жатыр. Көбінесе құрылысқа қызмет көрсету жұмыстары салықтан жалтаруға пайдаланылды. Салық комитеті ондай тәсілге барғандарға алғашқы хабарламалар жіберді. Осылайша ірі құрылыс компаниялары төлемей келген салықтарын төлей бастады. Яғни, бақылау орнатылады. Баға белгілеуге келсек, нарықта үстемдік ететін субъектілер немесе жиынтық үстемдік бар. Олар осыған байланысты белгілі бір баға заңдарына бағынуы керек. Жаңа кодексте құрылыс компанияларына тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізумен айналысатын субъектілер де арнайы салық режимінен шығарылады. Сондықтан біз электронды шот-фактуралар негізінде барлық тізбекті ашық көре аламыз. Құрылыс жобаларында жергілікті мазмұн жеткілікті екенін мойындау керек. Бұл оны бақылауға мүмкіндік береді. Сондықтан, менің ойымша, біз баға ашытқымен ұн көтергендей көтерілмеу үшін жеткілікті бақылауды қамтамасыз ете аламыз, — деді вице-премьер.