ОРТАЛЫҚ СТАДИОНДЫ РЕТКЕ КЕЛТІРУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

144
0

Шымкент қаласында 21 мамыр күні «Ордабасы» және «Ақсу» футбол командаларының кездесуі барысында қатты желдің салдарынан стадионының оңтүстік ғимаратының шатыры құлаған болатын.

Қазіргі таңда стадион аумағын ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.

1967 жылы пайдалануға берілген спорт нысанының көрермен сыйымдылығы 25 мың. Стадион оңтүстік және солтүстік павильоннан (2 спорт зал және кобинеттер қаралған), жанкүйерлер трибунасы, қойма және т.б. бөлмелерден тұрады. Шығыс және батыс көрермен трибунасының жалпы көлемі 8,7417 шаршы метр.

2007 жылы стадион күрделі жөндеуден өткен. Оңтүстік және солтүстік павильонның қасбеттерін арнайы құрылыс материадарымен қапталып, шатыр орнатылған.

Шығынның нақты мөлшері жайында қосымша ақпарат берілетін болады.

Айта кету керек, Шымкентте орталық стадион шатырының құлау жайты бойынша тергеу басталған. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті ресми мәлімет таратты. «Орталық стадиондағы шатырдың құлауы туралы хабарлама түсе салысымен оқиға орнына полицияның жедел-тергеу тобы барды. Белгілі болғандай, Павлодардың «Ақсу» — «Ордабасы» командалары арасындағы футбол матчы кезінде қатты желдің салдарынан шатыр құлаған. Оқыс жағдайдан зардап шеккендер жоқ. Аталған жайт бойынша полицейлер ҚР ҚК 278-бабы «сапасыз құрылыс» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды» делінген ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске сала кетсек, үшінші мегаполистегі «Ордабасы» мен Павлодар облысының «Ақсу» клубтарының кездесуі ойын ортасынан тоқтатылды. Қатты жел мен шаңды дауыл салдарынан стадионның шатыры ұшып кетіп, алаңға түсті. Бұл уақытта шымкенттік клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп жатқан болатын.