БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНІП ОТЫР

32
0

Елімізде балалар қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Арнайы заң жобасы да қабылданды. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді. Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды» деп атап өткен болатын.

Бүгінгі еліміздің әрбір аймағында біз сөз еткен мәселенің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қатарында Шымкент қаласы да бар. Жалпы әрбір ата-ана үшін баладан асқан бақыт жоқ. Сондықтан олардың амандығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болуы қажет. Дегенмен, жыл сайын балалар арасындағы жарақат пен жазатайым оқиғалардың көбеюі көңілді қатты қынжылтады. Бұл әрине, ең бірінші, ересектердің назарының жеткіліксіздігінен туындап жатады. Осыған орай, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері балалар қауіпсіздігі жөнінде бірқатар іс-шаралар өткізіп келеді. Солардың бірі  «Өрт қауіпсіздігі», «Уланудың алдын алу» тақырыбында ата-аналармен жиын өткізіп, оларды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға  шақырды.  Жиында   қызметкерлер   ата-аналарға кеңес берді. Онда  балаларды қараусыз қалдырмауды, оларға  терезелердің жанында және ықтимал қауіпті жерлерде бақылау жасауды қамтамасыз етуді айтты. Сондай-ақ, терезелерге қорғаныс  торларын  орнатуды, сіріңкелер мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қоюды ескертті. Сондай-ақ,  балаларға қауіпсіздік негіздерін үйретуді міндеттеді. «Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық. Мұның бәрі балалар қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан істердің бір парасы ғана. Тәртіп пен тәрбиенің ұштасуы қауіпсіз қоғамды қалыптастырады.  Балалар қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы тиіс» деді,  Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері. Айта кетейік, биыл 15 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойды. Осы заңмен Қылмыстық кодекске жаңа 98-3 бап қосылды. Ол «Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу» деп аталады. Яғни сот қылмыстық құқықбұзушылық жасаған агрессорды үш айдан бір жылға дейін психологиялық көмектен өтуге мәжбүрлей алады. Сонымен қатар жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша не телефон арқылы сөйлесуге тыйым салуы мүмкін. Атыс және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға, бұдан бөлек ішімдік ішуге, есірткі шегуге және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салады. Сот тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға жәбірленушімен бірге жер үйде, пәтерде немесе өзге де баспанада тұруға тыйым салуға құқылы. Мұндай құқықтық ықпал ету шарасы отыз тәулікке дейін қолданылады. Елімізде балаға қатысты жасалған қылмыстар үшін жаза қатаңдатылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабына өзгеріс енгізілді. Енді кәмелетке толмаған баланы өлтіргендер тек өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл бап бойынша қылмыскерлер 20 жылға сотталатын. Сондай-ақ педофилдерге енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Қылмыстық кодекстің 120-бабынан бала зорлағаны үшін 20 жылға соттау түріндегі жазаның балама түрі алынып тасталды. 121-бап бойынша кішкентай балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағандар да өмір бойына түрмеге тоғытылады. Қазір елімізде кәмелетке толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиісу жағдайлары жиілеп кетті. Алайда қолданыстағы заңнамада мұндай қылмыс үшін жауапкершілік жоқ. Соның салдарынан балалардың құқығы қорғалмайды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске жаңа 121-1-бап «Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу» қосылды. Бұл бап бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыра отырып немесе онсыз, 200 АЕК дейін түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту мақсатында «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «Ұру» баптары Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстен алынып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Дәлірек айтқанда, Қылмыстық кодекс 108-1-баппен «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» толықты. Мұндай қылмысқа барғандар 200 АЕК дейін айыппұл төлейді не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 50 тәулікке қамауға алынады. Ал жаңа 109-1 бап «Ұрып-соғу» деп аталады. Яғни «тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау». Жазасы – 80 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 25 тәулікке дейін қамауға алу. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деп аталатын 106-баптан «бас бостандығын шектеу» деген сөз алынып тасталды. Яғни жаза қатаңдылды. Осы баппен айыпталғандар 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 107-баптан да (Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру) «бас бостандығын шектеу» түріндегі жазаның баламалы түрі алынып тасталды. Қылмыстық кодекстің азаптау бабы да (110-бап) өзгеріске ұшырады. Жаңа норма бойынша  азаптау тек қайталанған, жүйелі түрдегі ұрып-соғу емес. Енді аса қатігездікпен және қорлау арқылы жасалған бір реттік зорлық-зомбылық та азаптауға жатқызылады. Бұл бап бойынша 1000   АЕК дейін түзеу жұмыстары не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 105-баптың атауы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету» деп толықтырылды. Бұрын ол жай ғана «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деп аталатын. Сондай-ақ депутаттар суицидті насихаттауды әлеуметтік қауіпті әрекет ретінде криминализациялау негізді деп шешіп, Қылмыстық кодекске «313-1-бабын «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» кіргізді. Егер суицидті әлеуметтік желіде немесе тағы басқа жолдармен насихаттаудың арты адам өлімімен аяқталса, насихаттаушы үш жылдан бес жылға сотталады.