10 МЫҢ АДАМ ҚАТЫСАТЫН СПОРТТЫҚ ШАРАЛАР ӨТЕДІ

124
0

Шымкент қаласында маусым-желтоқсан айларында 50 спорттық іс-шара өтіп, оған 10 мыңнан астам шымкенттік спортшы қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.

Атап айтқанда оның:

11-і «Шымкент қаласының чемпионаттары». Спорттың жеті түрінен (садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, баскетбол, волейбол, дзюдо, қазақ күресі) өтетін жарысқа 2 мыңнан аса бала қатысады деп жоспарлануда.

16-ы «Қазақстан Республикасының чемпионаттары». Ол спорттың 11 түрінен (футбол, волейбол, көркем гимнастика, баскетбол, садақ ату, жүзу, қол добы, қазақ күресі, конькимен мәнерлеп сырғанау, каратэ, шорт-трек) өтеді. Аталған іс-шараға 3 600 бала қатысады деп күтілуде.

23-і «Халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстар». Бұл спорттың 15 түрі бойынша (футбол, көркем гимнастика, баскетбол, садақ ату, жүзу, қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим күресі, бокс, таэквондо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, стенд ату, оқ ату, шорт-трек) ұйымдастырылады. Жарысқа 5 мыңға жуық бала қатыспақ.

Айта кету керек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасындағы спортпен шұғылданатын адамдар санын көбейту қолға алынды. Нәтижесінде, спорт секцияларының саны артып, саланы цифрландыру мәселесі жолға қойылып келеді. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 6 534 919 адам шұғылданады, бұл елдегі халықтың 34,28%-ын құрап отыр. Оның ішінде 2 048 284 ауылдық жерлерде дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, 2020 жылмен салыстырғанда шұғылданушылар саны 581 084 адамға ұлғайған.