СИМУЛИЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

131
0

Шымкентте «қала күні» мерекесі мен медицина қызметкерлері күніне орай, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен медициналық жедел жәрдем стансасында орталықтандырылған симуляциялық орталық ашылды.

Қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова ашылған орталықтың жұмысымен таныстырып өтті. Жаңа орталықта медицина мамандарымен қатар, апатты шақыртуларға алғашқы болып баратын төтенше жағдай қызметiнiң мамандары мен полицейлер де заманауи шұғыл көмек көрсетудің әдic-тәсiлдерiн меңгеріп, кәсіби біліктіліктерін шыңдай алады.

Симуляциялық орталық соңғы үлгідегі құрал- жабдықтармен қамтылған. Оқытуға арналған құрылғылар автоматты түрде жұмыс істейдi. Әрi практикалық тұрғыда жедел көмек көрсететiн маманның ic-әрекетiн бағалап, бағыт-бағдар бередi.

Орталықта оқыту-үйрету жұмыстарына жауаптылар 2022 жылғы 12 мамыр мен 5 маусым аралығында АҚШ-тың кардиологиялық қауымдастығында тәжірибе жинақтап келген. Айта кетейiк, бүгінде халықаралық стандарттар бойынша шұғыл көмек көрсету әдістерiн жетiк меңгерген 3 нұсқаушы жергілікті мамандарға практикалық дәрістер өткізуге дайын. Жалпы мұндай орталықтардың қоғам өміріндегі маңызы айрықша. Қала берді қазіргі уақыттың талабы десек те болғандай.

Бұдан бөлек, соңғы жылдары үшінші мегаполистегі денсаулық сақтау саласы жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Емханалар мен ауруханалардың, өзге де медицина нысандарының материалдық-техникалық базасы жаңарып, заман талабына сай қайта құрылуда. Мұның өзі қоғамдық денсаулықты сақтау ісінде айрықша мәнге ие. Аталған салада атқарылатын игі бастамалар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Себебі ғылым бір орында тұрмайды. Дамиды. Сондықтан жергілікті әкімдік те аталған салаға көңіл бөліп, көптеген игі бастамаларды көтеріп келе жатыр, көтере бермек те…