ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ АШЫЛДЫ

109
0

Бүгін Шымкент қаласының «Тассай» индустриялық аймағында қала күні мерекесі қарсаңында қорғаныс киімдері мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын «Экофарм» өндіріс орны ашылды.

Жаңа мекеменің салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Ол өз сөзінде Шымкенттің республикалық маңызы бар қала статусын алған 4 жыл мерзімінде қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы артып, инвестиция тарту бойынша республикадағы үздік қалалар қатарында екендігін айтып өтті.

— Бүгінгі таңда «Тассай» ИА-да жалпы инвестициялық сомасы шамасымен 45 млрд. теңге құрайтын 37 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі жоба қаланың экономикалық өркендеуі мен медициналық бұйым өндірісі саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен серпін береді деген сенімдемін. Баршаңызды қала күнімен құттықтай отыра, жобаның арықарай өсіп өркендеуіне тілек білдіремін, — деді.

3,4 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймағынан 1,25 гектар жер телімін ұзақ мерзімге жалға алып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы субсидияланған.

Жаңадан ашылған бұл өндірісте 150 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған мекеменің жылына 600 мың дана қорғаныш киімінің 17 түрін, 500 мың дана медициналық киім, 20 миллион дана медициналық маска мен респиратор, 1 миллион дана медициналық көзілдірік шығаруға мүмкіндігі бар.

Жалпы биыл Шымкент қаласының экономикасына тартылатын тікелей инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. 2022 жылдың 5 айында 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылып үлгерген. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болуда.