«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БОЙЫНША ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

141
0

Шымкентте «Бақытты отбасы» жеңілдетілген несиелік бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды. Аталған конкурс 20 маусым мен 19 шілде аралығында www.otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталы арқылы жүргізіледі.

Бағдарламаға қатысушылар – санаттары мен кезекке қойылған жылына қарамастан қатысуға өтінім бере алады. Әрі қарай, жүйе автоматты түрде кезекке тіркелу өңірлері, кезекке тұрған күні мен санаттары бойынша қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдерін қалыптастырады.

Тұрғын үйге кезекке тіркелген күні, кезекке тіркелген санаты және өтінім беру уақыты қатысушының негізгі тізімге ілігуінің айқындаушы фактор болады. Азамат үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы, толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек) санатындағы азаматтар қатыса алады.

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша Шымкент қаласына 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд. теңге көлемінде лимит бөлініп отыр.

Айта кету керек, бағдарламаға қатысу үшін отбасының әрбір мүшесіне келетін соңғы алты айдағы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс (2022 жылдың 1 сәуіріне ең төмен күнкөріс деңгейі 37 389 теңгені құрайды, тиісінше отбасының әрбір мүшесіне келетін табыс 115 905,90 теңгеге тең сомадан аспауға тиіс). Негізгі кіріс көзі болған жағдайда ғана азаматтар несие ала алады. Негізгі кіріске еңбек немесе кәсіпкерлік
қызметтен түсетін табыс жатады. Осы талапқа сай отбасылар аталған бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Ал нақты санаттар жоғарыда аталды. Сондықтан өтінім беріп, баспаналы болу мүмкіндігінен құр алақан қалмауға шақырамыз!