ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАҒА ШЫМКЕНТТІКТЕР БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ

66
0
«Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Туған елге саяхат» жобасы 2023 жылдың 30 шілдесі елордада өз мәресіне жетті. 600 бала қатысқан саяхат пойызы үш кезеңнің қорытындысында 15000 км жуық жолды жүріп өтіп, Байқоңыр, Бурабай, Түркістан, Алматы, Алакөл, Астана және Ақтау секілді өңірлерді қамтыды.
Қор өкілдері жобаның үшінші кезеңіндегі 200 баламен жүздесті. Өз кезегінде, бұл күні әсерлі сапардан оралған жас саяхатшылар туған елінің барлық сұлу қырына, оның тарихына бойлап, қанығуға, достар табуға және жаңа білім алуға берілген мүмкіндік үшін шын жүректен алғыстарын жеткізді. Саяхатқа Маңғыстау (50), Астана және Ақмола (78), Солтүстік Қазақстан (10), Қостанай (32), Павлодар (34), Қарағанды (18), Ұлытау (12), Абай (10), Шығыс Қазақстан (21), Алматы (71), Жетісу (13), Жамбыл (23), Қызылорда (57), Атырау (43), Шымкент (81), Батыс Қазақстан (10) және Ақтөбе (37) облыстары мен қалаларынан «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары қатысты. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан жобаның бас серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева өзінің құттықтау сөзінде қайырымдылық операторының қызметінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балаларды қолдауға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Туристік пойыздың үш кезеңінің әрқайсында 18 маман (педагог, психолог, аниматор, медицина қызметкері және тағы басқа) жұмысқа тартылды. «Біз жолда да, барлық аялдаған қалаларымызда да өте жақсы уақыт өткіздік — бәрі керемет! Пойызда күнде үйірмелерде жаңа нәрсе біліп, тәлімгерлермен ойын ойнадық, ағылшын тілін меңгердік, домбыра тарттық. Ал өңірлерде бізді қызықты саяхаттар мен ойын-сауық күтіп тұрды! Бұл менің өмірімдегі ең жақсы каникул болды!», — деп бөлісті ойымен Шымкент қаласынан Оразхан Мұратбек. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қайырымдылықтың бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен және Әлеуметтік жобалар қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты.