САЙРАМДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ШАРУА ҚЫРУАР

141
0

Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады.

Қазіргі сәтте шағынаудандағы №№7,10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игіліген берілген болса, №6,9 үйлердің ауласында жұмыстар жалғасуда. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар басталғалы тұр. Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары көнеріп, қайта құруды қажет еткен. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату 2022-2025 жылдарға жоспарланып, іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін ықшам ауданда 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды.

Айта кету керек, «Халық қатысатын бюджет» жобасы келесі тәртіп бойынша жүзеге асырылады: веб-порталда идеялар конкурсы өткізіліп, нақты сол ауданның барлық тұрғыны аудандық әкімдікке өздері маңызды деп тапқан жобаны жүзеге асыруды ұсынады. Келіп түскен өтінімдер талданып, кейін ол бойынша «1 тұрғын-1 дауыс» тәртібімен ашық дауыс беру жүргізіледі. Дауыс берудің нәтижесі бойынша сарапшылық қауымдастық жобаларды қаржыландыру кезегін белгілейді. Аудандық әкімдіктің сайтында тұрғындардың қандай жобаға қалай дауыс бергенін көруге болады. 2019 жылы жоба аясында елімізде азаматтар тарапынан 1,5 млрд теңгеге ұсыныс беріп, аулаларды абаттандыру, аула және спорт алаңдарын салу жөнінде 69 жоба мақұлданды.