№72 МЕКТЕПТЕГІ ҚҰРЫЛЫС КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ

168
0

Шымкент қаласындағы С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектептің сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Білім мекемесінде 3 556 оқу жылын аяқтады. Оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан қосымша ғимарат қажеттігі туындаған.

Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №72 мектептің қосымша ғимарат құрылысын да көрді. Жаңадан салынып жатқан оқу корпусының сыйымдылығы 375 орын. Екі ауысымда 700 жүзден аса оқушы білім алуға болады. Қолданысқа берілген нысанда балалардың білім алуымен бірге 27 жаңа жұмыс орны ашылады. Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 1350,74 шаршы метр. Құрылыс жұмысы осы жылдың наурыз ауында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, өткен оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген болатын. Ал, биыл 34 мектептің құрылыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 11 703 орындық 24 мектептің құрылысы 2022 жылы басталса, 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі. Жаңа білім ордаларының есебінен үш ауысымды мектептер санын 9-дан 5-ке төмендету көзделіп отыр. 2025 жылға дейін республикада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1000 мектеп салынбақ. Ал, Шымкент қаласында осы тапсырма негізінде 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп бой көтереді. Қазіргі уақытта білім сапасын арттырып, апаттық мектептерді жою және 3 ауысымдық мектептерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бұгінде 50 пайызға жуығы орындалып үлгерген.

Бұдан бөлек, Шымкентте Балалар жылына орай атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралар кешені түзіліп, 84 бағыт бойынша жүргізілмек. Оған бюджеттен 44, 6 млрд теңге қаралған. Жұмыстар басталып та кетті.