САПАЛЫ АУЫЗ СУ ТАРТЫЛУДА
Шымкент қаласы Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары жүзеге асуда. 8 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов аумақта атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысып, тиісті тапсырмаларды беріп қайтты.
Бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 72 пайызы орындалған. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгенде 17 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым. 2021 жылы басталған құрылыс, биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Қазір бұл нысанда жұмыстың 74 пайызы аяқталған.
Айта кету керек, шаһарда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы кезең-кезең бойынша жүргізілуде. «Бозарық» қосалқы стансасы мен АГРС іске қосылып, электр қуаты мен табиғи газ тапшылығы шешілді. «Бүгінде 8 елді мекенде электр энергиясы, 31 елді мекенде табиғи ғаздың сапасы жөнінде мәселелер бар. Биыл сапалы электрмен қамтуда 16, табиғи газ жүйесі бойынша 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде сапалы электрмен қамту көрсеткіші 99 пайызға, табиғи газбен қамту 94,7 %-ға өседі. Жалпы 2023 жылы ауыз сумен қамту, 2025 жылы электр қуаты және табиғи газбен қамту 100 пайызға орындалады» деген болатын қала әкімі. Сонымен қатар, биыл 19 кәріз жүйесінің құрылысы атқарылуда. Нәтижесінде, кәрізбен қамту 54 %-дан 60 %-ға дейін ұлғаяды. Демек алдағы уақытта үшінші мегаполистегі өзекті мәселелердің дені шешіледі. Шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардағы түйткілдердің түйіні ағытылады.