ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР КӨП

72
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесіп, 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар тұрғындардың мәселелерін де тыңдады. Жиынға зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары және басқарма басшылары қатысты. Көтерілген мәселелер шешімін тауып жатыр ма? Өңірде қолға алынған қандай игі бастамалар бар? Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер не дейді? Тарқатайық…

Жалпы ағымдағы жылдың І жартыжылдығында қала әкімі шағынаудардар мен елді мекендерді аралар барысында тұрғындардың 874 ұсыныс-пікірін тыңдаған. Бүгінде көтерілген мәселелердің 374-і шешімін тапса, 336-ы орындалып жатыр. Қаладағы инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары әрі қарай жалғасады. Өз сөзінде шаһар басшысы «Тұрғындардың ең көп көтеретін мәселесі — инфрақұрылым. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. 2023 жылы ауыз су, 2025 жылы электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары толық шешімін табады. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек» деді.

Қаратау ауданының 265 мыңнан аса тұрғыны бар. Аудан әрі қарай кеңейіп, халық саны саны артуда. Аудан әкімі Р.Мүлкеманов жыл сайын аудан тұрғындары 15-20 мыңға көбейіп жатқанын айтты. Ал жалпы үшінші мегаполистегі құрылыс жұмыстарының тең жартысынан астамы Қаратауда жүргізілуде. Жиында азаматтар жалпы инфрақұрылыммен қамту, жерді заңдастыру, қоғамдық көлік және аулаларды абаттандыру, көшелерге ат беру, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту сынды мәселелерін айтты. Айтылған ұсыныс-тілектер бойынша қала әкімі тиісті сала басқармаларына тапсырмалар жүктеді. Жалпы Қаратау ауданында атқарылған шаруа қыруар. Жұмыстар болашақта да жалғаса бермек.