ШЫМКЕНТ МОБИЛЬДІ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАШАН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ?

129
0

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында ауқымды істер атқарылып жатыр. Әсіресе, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың мәселесі күн тәртібінде тұр. Өңірлердегі толғақты түйіннің бірі – сапалы интернет. Осы бағытта үшінші мегаполисте ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, 2024 жылы Шымкент толықтай мобильді интернетпен қамтылады.

Өткен жылы интернет сапасы төмен 14 елді мекенге базалық станция орнатылған болса, биыл 12 елді мекенге қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы 11 елді мекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек. Бұл туралы бүгін қала әкіміне І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген цифрландыру басқармасының басшысы Ә.Әбдіраханов баяндады.

Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнату жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды. Ал оптикалық интернет қамту үлесін 75 пайызға жеткізу межеленген. Қаладан шалғай орналасқан 15 елді мекенге талшықты оптика желісі қойылады. Тұрғындардың IT сауаттылығын арттыру мақсатында «CIFRO» және робопарк бағдарламалау мектептері ашылды. Онлайн платформа веб-сайттарды әзірлеу, ІОS, андройд платформасында қосымшалар әзірлеу, анимация жасау, ойындар әзірлеу секілді курстар оқытылуда.

І жартыжылдықтың есебін тыңдаған қала әкімі Мұрат Әйтенов салаға тартылатын инвестицияны арттырып, интернет сапасын жоғарылату бойынша қосымша жұмыстарды мықтап қолға алуды тапсырды. Айта кету керек, күні бүгінге дейін қаладағы бірқатар шағынаудандарға базалық станция орнатылған. Нәтижесінде интернет сапасы да жақсара түскен.