СПОРТШЫЛАР БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС КӨП
Спорт – елдің оң имиджін әлемдік деңгейде қалыптастыруға қауқарлы саланың бірі. Сондықтан көк туды көкте желбірететін спортшыларға барынша жағдай жасалып келеді. Нәтижесінде әлемдік додаларда топ жарып, жеңімпаз атанып жатқандар саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Бір ғана Шымкент қаласында ағымдағы жылдың алғашқы алты айының қорытындысымен, 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 32 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 148 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 232 спорт шеберіне үміткерлер дайындалған.
Бұл жөнінде қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке биылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар есебін баяндау кезінде айтты. Қала спортшылары спорт түрлері бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 416 алтын, 372 күміс, 398 қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионаттарында қала спортшылары 39 алтын, 18 күміс және 24 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 28 алтын, 15 күміс және 8 қола медальға ие болды. Дүниежүзілік гимназия ойындарында 11 спорт түрінен 23 спортшы қатысып, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Европа чемпионаттарында 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңді.
Бұдан бөлек, 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарына еркін күрестен 70 кг салмақта Рсалы Сабыржан және 65 кг салмақта Пернеш Шадияр қатысты. Нәтижесінде Рсалы Сабыржан 2-орын, Пернеш Шадияр 5-орынды жеңіп алды. Шаһар басшысы жиын барысында олимпиада резервін даярлайтын мектептердің жұмысын қолға алуды, бұқаралық спортты дамытуда түсіндіру, жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Айта кету керек, соңғы жылдары үшінші мегаполисте бұқаралық спортты дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Аулаларда спорт алаңшалары салынып жатыр. Қала берді салауатты өмір салтын насихаттайтын түрлі бастамалар көтеріліп, сайыстар ұйымдастырылуда. Өз кезегінде, бастамаға қолдау көрсетететін тұқрғындар саны да уақыт өткен сайын артып келе жатыр.