ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫНА 8,2 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Оның нақты қорытындысы 2022 жылдың  І-ІV тоқсанында жарияланады деп жоспарлануда.

Биыл елімізде халық санағы өтеді. Санаққа 8,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкеловтің мәлімдемесіне сүйеніп, Atameken business хабарлады.

Елімізде соңғы рет санақ  2009 жылы өткізілген. Сол кездегі жалпыұлттық халық санағына  республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге жұмсалған. Биылғы санаққа 8,2 млрд теңге бөлінеді. Оның 3,7 млрд теңгесі интервьюерлердің жалақысына жұмсалады.

«Санақ жүргізу үшін онлайн-ресурс пен ақпараттық жүйе құрастыруға 900 млн теңге қарастырылған. Әрбір аймақта санақ басқармасы мен бөлімдер ашылды. Кейбір аудандарда жалға авкөлік алу жоспарланып отыр. 1 млрд теңгеге жуық ақшаға интервьюерлерге планшет, сөмке және бөкебай алынды», – деді статистика комитетінің төрағасы.

2020 жылдың 1-30 қазан аралығында өтетін жалпыұлттық халық санағының бастапқы қорытындысы 2021 жылдың ІІ-ІV тоқсанында, нақты қорытындысы 2022 жылдың  І-ІV тоқсанында жарияланады.  Айта кетейік, елімізде жалпыұлттық санақ  10 жылда бір рет өткізіледі. 

Естеріңізде болса, 2009 жылғы жалпыұлттық санақ қорытындысы бойынша Қазақстан халқының саны 16 млн 4 мың адамды құраған. Ал  қазір еліміздегі халық саны 18 млн 600 мың адамға жетіп отыр.

uakit.kz