«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ» ЖОБАСЫ ЖЕМІСІН БЕРЕ БАСТАДЫ
Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы өзінің нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, биыл Еңбекші ауданында аталған жоба аясында І кезеңмен 52 көпқабатты үйдің 36 ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ойын алаңшаларына жұмсақ төсеніш төселіп, балалар ойын, тренажер алаңшасының элементтері орнатылып жатыр.
Сонымен қатар ІІ кезеңмен 21 көпқабатты үйдің 11 ауласы абаттандырылып, 4 ашық спорт алаңшасы құрылып, 5 спорт алаңшасы қайта жөндеуден өтеді. Бүгінде мердігер мекемені анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтуде. Жалпы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.
Бастама өзге аудандарда да жемісті нәтижесін беріп келе жатыр. Мәселен, бір ғана Қаратау ауданында 2021 жылға қарағанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Өткен жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биылғы жылы 26 үй ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ. Ал Абай ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 5,1 есеге артып отыр. Ауданда өткен жылы 7 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 32 жобаға қаржы бөлінді. І кезеңде 5 үйдің ауласы, 27 елдімекен жоспарға енген, ал ІІ кезеңде 5 үйдің ауласы абаттанады. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. Жалпы аталған бастама тұрғындар тарапынан кең қолдауға ие болып келе жатыр. Бүгінде азаматтар өз өңірлері бойынша ұсыныс-пікірлерін білдіріп, белсенділік таныта бастаған. Мұның өзі игі бастаманың нәтижесін көрсетері хақ.