ЭТНОМЕДИАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Көпұлтты мемлекет үшін ішкі тұрақтылық пен бірліктің маңызы жоғары. Қала берді, бүгінгідей ақпараттың тарау жылдамдығы аса жоғары болып отырған уақытта өзектілігі күн сайын арта түспек. Осы ороайда, Шымкентте «Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу және медиация рәсімдерін өткізудің өзекті технологиялары» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Екі күнге жоспарланған іс-шараға этномәдени бірлестіктердің, ҮЕҰ, мемлекеттік қызметкерлер мен ҚХА-ның қоғамдық медиаторлары қатысты.
Жиын барысында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлаудың өзектілігіне айрықша тоқталды. «Мемлекет басшысы этносаралық қарым-қатынаста медиацияның маңызын атап өтіп, келіссөз жүргізетін кәсіби мамандарды дайындау бойынша тапсырма берген болатын. Семинар-тренинг этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу, медиацияның мәні мен маңызын, әдісі мен тәсілдерін түсіндіру, кәсіби медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерге нақты ұсыныстар беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Шымкент қаласында 4 медиация орталығы жұмыс істейді. Орталықтың 9 медиаторы қалалық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің құрамына енді» деді басқарма басшысы.
Семинар-тренинг барысында бірқатар сарапшылар мен мамандар дәріс оқыды. Олардың қатарында Халықаралық медиация институтының директоры, кәсіби медиатор, конфликтолог Жанар Үсіпбекова, «Еуразиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Лаура Ақшегірова сынды кәсіби мамандар бар. Дәріске этносаралық психология, әлеуметтік медиациядағы коммуникациялық менеджмент, этноконфликтология тақырыптары арқау болғанын да айрықша айта кету керек.