Қазақ тілін білу – баршаның міндеті

428
1

2-1Бүгінде Қазақстанның  ұлан-байтақ  жерінде  бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері татулық пен бірлікте өмір сүріп  жатыр. Елбасының  көреген саясатының арқасында диаспора өкілдерінің  өз тілдері мен дінін, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпын берік ұстанып  отырған жайлары бар. Ұлттық келбетіне сызат түспеген елімізді  мекен етіп  жатқан өзге ұлттардың  мемлекеттік тілге деген көзқарасы да дұрыс . Олардың  базыбірі  бүгінде қазақшаны  емін-еркін меңгеріп алған болса, енді бірі Абай тілінде енді-енді тіл сындырып келеді. Бір тудың  астына жиылып, бір елдің ортақ тағдырын кешіп жатқан өзге ұлттың  өкілдері болашақтың  кілті – қазақ  тілінде екенін мойындап отыр.


Елбасы  «Қазақстандықтардың басын біріктіруші  фактор-қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік тілдің  мәртебесін баршамыз бірігіп көтеруіміз керек»  дегенді шегелеп айтты. Меніңше, бұл дана пікір. Қазақ тілінің көркеюіне барлығымыз жауаптымыз. Себебі, қазақ тілі қағажу көріп, тұралап қалса, дамыған елу елдің  қатарына қосылғанымыз ешкімге де керек емес. Мәселен, дамыған кейбір мемлекеттерде сол елдің тілін білмесеңіз, сіз азаматтық ала алмайсыз. Тіптен, ол елде еркін де жүре алмайсыз. Неліктен, Қазақстанда сондай талап қойылмайды? Неге өзге елдің демократиясын үлгі тұтамыз да, мемлекеттік тілге қатысты тәжірбиесін  үйренбейміз?
Міне, менің айтар  назым осы. Өйткені, қазақтың тілі Қазақстаннан басқа жерде мемлекеттік тіл бола алмайды. Біз, қазақстандықтар осыны терең түсінуіміз керек. Тілдің  жыры айтылудай айтылды, енді сең қозғалуы керек.  Тілге байланысты үш бағыт,  жақсы әрине. Алайда негізгі  күшті «бір жағадан бас, бір жеңнен қол»  шығарып, қазақ тілінің кең қанат жаюына салуымыз керек .
Менің өмірімде қазақ тілінің орны ерекше. Қазақтардың арасында жүрсем де, өзімді басқа ұлттың өкілі ретінде  сезінбеймін.  Қазақ тілі  тек қазақ халқының тілі ғана емес, ортақ тіліміз.  Дәлірек айтқанда, Қазақстанда тұратын, оны  Отаным  деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның  патриоты деп есептейтін  азаматтардың тілі. Мен осы орайда  Президенттің «Қазақстанның болашағы  қазақ тілінде» деген сөзі тек қазақтарға ғана емес, бәрімізге қатысты  айтылған деп білемін.
Мен мемлекеттік тілді білетінімді мақтан тұтамын . Қазақ тілінде сөйлесем, тіл білмейтіндер «мен де сен  сияқты  қазақша сөйлей алсам ғой» деп қызығып жатады. Кейде  адамдардың мені тіліме, түріме қарап, қазақтардан айыра алмай  қалатын кездері де болады. Мен оған іштей риза боламын. Қазіргі кезде қазақ тілін үйренемін деген кісіге барлық  жағдай жасалған. Мүмкіндікті пайдаланып  қалу керек.

Тәжібай ШАМШИЕВ,
Мақтарал ауданындағы  Б.Соқпақпаев атындағы ЖОМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.