ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША ҮЗДІК ҮШТІК ҚАТАРЫНДА

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамуды жандандыру және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың жұмысын бағалау үшін арнайы индикаторлар бекітілді. Бұл индикаторлар арқылы әрбір сала мен басқарманың көрсеткіштері жүйелі түрде сараланып, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бағаланады. Сонымен қатар, осы бағалау нәтижелері бойынша рейтинг әзірленіп, жұмыстың сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады.

Жуырда Түркістан облысы әкімінің аппараты ғимаратында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары мен сала жауапты тұлғалары қатысты. Алқа отырысында 2025 жылдың қорытындылары талқыланып, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жан-жақты сараланды. Өңір басшысы өткен жылы облыс экономикасында оң динамика сақталғанын атап өтті. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 113,9 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша үшінші орында тұрақтады. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 1 226 млрд теңгеге жетіп, өсім 100,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Облыс аумағында қуаңшылық пен жауын-шашынның аз болуы кейбір өндіріс көлеміне әсер еткенімен, республика көлемінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі бойынша Түркістан облысы бірінші орынға шықты. Бұл ауыл шаруашылығы саласының өңір экономикасына қосқан үлесінің зор екенін дәлелдеді.

Алқа отырысында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың қызметтік тиімділігі жүйелі түрде бағаланды. Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова бағалау жүйесінің 9 блоктан және 97 индикатордан тұратынын мәлімдеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызметтік тиімділік рейтингінің көш басында Сауран, Жетісай және Созақ аудандары тұрған болса, соңғы орындарда Бәйдібек ауданы, Кентау және Арыс қалалары жайғасты. Облыс әкімі бұл аудандарда бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізілмеуі тиісті жұмыстардың жеткілікті деңгейде жүргізілмегенін көрсететінін атап, аталған аудан және қала әкімдерінің есептерін тыңдады. Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдері, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ол орынбасарлары мен әкімдерге орынбасарлары арқылы барлық индикаторлардың орындалуын жеке бақылауға алып, халықпен тығыз кері байланыс орнатуды міндеттеді. Алқа отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша бекітілген индикаторларға қол жеткізбеген 25 лауазымды тұлғаға тәртіптік шара қолданылғаны айтылды. Облыс әкімі мұны шара көру емес, нақты межелерге жету мақсатында жасалғанын жеткізді. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған индикаторлар мен тапсырмаларды сапалы орындау үшін жұмысты күшейту қажеттігі баса айтылды. Мақсат – өңірдің экономикалық әлеуетін көтеру, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және барлық салада жоғары нәтижеге қол жеткізу.

Кеңейтілген алқа отырысында Конституциялық реформалар мәселесі де қозғалды. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және әділетті, ашық әрі құқықтық мемлекет қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді. Бұл шаралар мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға және азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров орынбасарлары мен аудан-қала әкімдері, басқарма басшыларына әрбір бекітілген индикатордың орындалуын жеке бақылауға алып, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Алқа отырысының нәтижелері әкімдік жұмысының ашықтығын арттырып, экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын көтеруге бағытталған нақты шараларды айқындады. Осылайша, Түркістан облысында бекітілген индикаторлар арқылы аудан және қала әкімдіктерінің жұмысы жүйелі бағаланып, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету үшін нақты шаралар қабылдануда. Бұл тәжірибе мемлекеттік басқарудың ашықтығын, жауапкершілікті және тиімділікті арттыруға, өңірдің экономикалық әлеуетін көтеруге және азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.