ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

102
0

Шымкент қаласында қоғамдық көліктерге бақылау күшейген. Тиісті шаралар да көріліп келеді. Енді алдағы уақытта жаңа бағыттар ашылып, жолаушылар тасымалы жеңілдей түспек. Бұдан бөлек, бұрыннан бар бағыттардың өзі жаңа автобустармен толығып жатыр. Толығырақ тоқталайық…

Әлеуметтік мәні бар қалалық нөмірі №55 және №149 бағыттағы қоғамдық көліктері 6 жаңа автобуспен толықты. Қыркүйек айынан бастап аталған бағыттағы жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдау қызметіне кіріседі. №149 автобус маршрутына 4 бірлік қосылып, жалпы саны 10 автобусқа артты. Ал, №55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 8 автобус жүретін болады.

Айта кетейік, жаңалау жұмыстары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісімшарттар негізінде атқарылды. Жалпы бүгінде қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер саны 1000-ға жуық. 78 тұрақты қалалық маршрут бойынша күнделікті маршруттарға 843 автобус шығады. Жекеменшік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Ал пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89% құрайды.

Айта кету керек, үшінші мегаполисте биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланған. Шілде айынан бастап 30 аялдама орнатылды. Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат — елдімекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны болса, қалғанына аялдама белгілері орнатылған. 2021 жылдың қорытындысымен жаңа үлгідегі аялдамалар саны 670-ке жетті.