ЗАҢДЫ БІЛУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ
Бүгінде қоғамда болып жататын көптеген әлімжеттік пен теріс әрекеттердің артында азаматтардың өз құқығын білмеуі жатады. Сондықтан құқықтық сауатты арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өз кезегінде, өңір-өңірде азаматтарға өз құқығын түсіндіру бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, 12 сәуір күні Шымкент қаласындағы Политехникалық колледжде студенттерге арналған «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында құқықтық кездесу өтті.
Оған Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Ювеналдық полиция бөлімшесінің, Қаратау ауданының Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері мен «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігінің мамандары қатысты. Шарада қоғам арасындағы ең өзекті мәселелер – отбасындағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандарды қорғау, есірткі қылмысы мен адам саудасына қарсы іс-қимыл, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу барысы талқыланды.
Кездесуде мамандар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты. Сонымен қатар кездесу барысында жастарға зиянды заттардың қауіптілігі, жаңа психоактивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріліп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы атап көрсетілді. Колледж әкімшілігі өсіп келе жатқан ұрпақты ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік азамат етіп тәрбиелеуде қосқан үлестері үшін шақырылған қызметкерлерді алғыс хаттармен марапаттады. Айта кету керек, мұндай жиындар алдағы уақытта да жалғасын табады.