ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

138
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен жылу беру маусымына дайындық бойынша жиналыс өтті. Мекемелердің дайындығы пысықталып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Қаладағы 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 91% дайындалған. Ал, 484 бюджеттік мекемелерден бүгінгі күнге дайындалғаны 480 нысан (99%), дайындық жұмыстары жалғасуда. Аталмыш мекемелер отын қорымен толық қамтамасыз етілген.
Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар.
Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аяқталмаған жұмыстарды тездетіп бітіруді, құбырларды жаңартуда орын алған кемшіліктерді реттеуді, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығын тексеріп қосымша баяндауды, маусымға дайындық жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Айта кету керек, еліміздегі білім беру нысандарының 99 пайызы жылу беру маусымына дайын. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында айтқан болатын. «Алдағы 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына сапалы және уақытылы дайындалу мақсатында министрлік жұмыс жоспарын бекітті. Оған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, 2022 жылғы 15 қазанға дейін коммуналдық шаруашылықтың, әлеуметтік саланың, тұрғын үйлердің толық дайындығын және барлық автономды жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 11 157 білім беру объектісінің 11 075-і немесе жоспардың 99 пайызы жылу беру маусымына дайын», — деді Қ.Өскенбаев. Оның айтуынша, білім беру нысандарының дайындығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмен қарқын байқалып отыр. Аталған өңірлер әкімдіктері білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуде шұғыл шаралар қабылдауы қажет. «Жалпы, биыл 5 674 денсаулық сақтау нысанын дайындау жоспарланып отыр. Оның ішінде бүгінде 5 566-сы немесе 98 пайызы дайын. Басқа өңірлермен салыстырғанда дайындықтың төмен деңгейі Нұр-Сұлтан қаласында (84%, 43-тен 36), Ақмола (91%, 551-ден 503) Атырау (92%, 144-тен 132) облыстарында байқалып отыр», — деді министр.