ЖҰМЫЛА ЖҮК КӨТЕРУ — ӨРЕЛІ ЕЛДІҢ БЕЛГІСІ

101
0

Қостанайда тұтанған өрттің салдары қарапайым жұртшылыққа ауыр соққы болды. Талай тұрғын үйінен безіп, тілсіз жаудың кесірінен баспанасыз қалып отыр. Мемлекет тарапынан дер кезінде шара көріліп, өртті өшіруге қыруар күш жұмсалды.

Бұдан бөлек, ел тұрғындары қаржы жинап, зардап шеккендерге көмек беруге талпынып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен Қостанай өңіріне гуманитарлық көмек жіберілуде. Солтүстіктегі отандасының басына күн туса, оңтүстіктегі ағайынның қабырғасы қайысатын дархан пейілді халқымыз Мақтаарал мен Арыстағы жағдайдағыдай жұмыла жұмыс істеп, қолдағы барын беруде. Шымкенттіктер де  қайырымдылық көрсетуден шет қалмай, жұдырықтай жұмылды. Тосын оқиға басталғалы Шымкенттің көптеген ұжымдары, кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар барынша атсалысып, зардап шеккендерге қол ұшын созып жатыр. Солардың қатарында Шымкент қаласындағы өзбек этномәдени орталығының Еңбекші аудандық филиалы да бар. Филиал төрағасы Т.Нишанбаевтың ұйымдастыруымен қостанайлықтарға азық-түлік пен құрылысқа қажетті материалдар тиелген екі көлік жөнелтілді.

Көптің ісі қашанда берекелі болған.  Қандай қиын жағдайда болмасын, бірліктің жеңбейтіні жоқ. Алдағы күндері  қостанайлықтар бүгінгі күні көрген қиындықтарын ұмытып, ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайтары сөзсіз. Қалың қазақтың көрсеткен көмегінің арқасында өңірде азық-түлік тапшылығы сезілмейді. Зардап шеккендерге барынша көмектер көрсетіліп жатыр. Бұдан бөлек, еліміздегі екінші деңгейлі банктер де жапа шеккен азаматтардың несиесін кешіру бастамасын қолға алып, қаржылай көмек беретіндерін де жеткізді.

Айта кету керек, соңғы уақытта елімізде өрт шалу фактілері жиілеп барады. Еліміздің бірнеше өңірінде орман мен далалы алқаптардың өртенуі турасында ақпараттар тарап жатыр. Дегенмен тиісті сала мамандары жағдайды бақылауда ұстап, қажет шараларды көріп келеді.