МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ КӘСІП БАСТАУҒА ЖОЛ АШЫП ОТЫР
Бүгінде барша қазақстандыққа кәсіппен айналысу мүмкіндігі беріліп отыр. Кәсіпкерлік саланы дамыту үшін төмендетілген пайызбен несие беріледі. Инновациялық жобалар үшін де берілетін көмек бар. Сонымен қатар шағын кәсіпті дөңгелетуге мүмкіндік беретін жобалар жұмыс істеп жатыр. Жасыратыны жоқ, осыны пайдаланып, кәсібін бастап, ауқымын кеңейтіп жатқандардың да қатары қалың. Ол жайына бұған дейін де тарқата жазған едік. Бүгінгі материалымызда да өзінің қолынан келетін істі кәсіпке айналдыра білген жан жайында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Шымкент қаласының тұрғыны Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында аяғы ауыр әйелдерге арналған жастық шығарып келеді. Бұл – сұраныстағы зат. Тігіннен хабары бар кейіпкеріміз жүкті аналардың денсаулығына аса қажетті жастықты аз уақыттың ішінде-ақ кәсібіне айналдыра білді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан еңбектің көзін тапқан жан. «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз болдым. Қарап отыруға болмайды. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген аталы сөзіміз бар. Осы істі тәуекелмен бастап, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар» дейді кәсіпкер. Жалпы «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Олай болса, аталған жоба үшінші мегаполисте өз тиімділігін көрсетіп, кәсібін дөңгелеткендер қатары артып келеді. Үшінші мегаполисте аталған бастамалардың насихаты кеңінен жүріп жатыр. Кәсіптің қыр-сырын үйреніп, оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарламаға қатысуға ниеттілер саны да жыл санап артып келе жатыр. Осының өзі жергілікті атқарушы билік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жемісті нәтиже беріп жатқанын айғақтаса керек.