№ 8 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында болып, қосымша салынып жатқан оқу ғимаратының құрылыс жұмыстарын тексерді.
Нысан сапасын әкім бұған дейін де бірнеше рет келіп тексерген. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесінен кешіккені үшін айыппұлдар салынып, жауапты тұлғаларға кеткен кемшіліктерді реттеуді тапсырған болатын. Қазіргі кезде барлық олқылықтар жойылып, құрылыс қарқынмен жүргізілуде. Жаңа ғимарат 1 100 оқушыға лайықталған. Одан бөлек жобада 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қоры бар кітапхана мен 320 орындық асхана қаралған.
Құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған, жоспарға сәйкес 2023 жылы падалануға беріледі. Оқушыларға үш тілде білім беретін М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген. Шаһар басшысы тек үздіктерді тәрбиелейтін білім ошағының қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың артуына жол ашатынын айтып өтті.
Айта кету керек, аталған білім мекемесінің іргетасы осыдан 147 жыл бұрын қаланған. Жуырда мектептің кей аумағы көнеріп, санитарлық талап пен өрт қауіпсіздің талабына сай емес екені анықталған болатын. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқтсалса, мектеп ғимаратының күрделі жөндеуден өтуімен қатар, материалдық-техникалық базасы да нығая түспек. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте тағы бірнеше мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында қосымша оқу корпустарының құрылыстары да қолға алынған. Нәтижесінде қаладағы орын жетіспеушілігі мәселесі біршама шешімін таппақ.