ТОҒЫСТА 200 ОРЫНДЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

92
0

Шымкент қаласында медицина саласының жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын жиі жазып жүрміз. Күні бүгінге дейін үшінші мегаполистегі бірқатар медицина нысандары күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңарды. Енді олардың қатары тағы бір орталықпен толыға түспек. Нақтырағы, Тоғыс елді мекенінде 15 000-нан астам халыққа қызмет көрсететін «Togus-med медицина орталығы» жеке инвестиция есебінен ашылуда. 

Нәтижесінде Тоғыз, Елтай, Жыланбузған, Маятас және Айнатас елді мекендері медициналық қызметпен толықтай қамтылмақ. Орталықтың бір ауысымдағы сиымдылығы — 200 адам. Мұнда бастапқы әлеуметтік-медициналық көмекпен бірге ЖТД, педиатрия, акушер-гинекология, хирургия, травматология, кардиология, эндокринология, онкология, урология, гастроэнтерология, ЛОР, офтальмология, стоматология, ревматология, профпатология, неврология, дерматовенерология және рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирография, лаборотория сынды диагностикалық қызметтер, медициналық реабилитация және физиотерапия, емдік физкультура, массаж, сонымен бірге күндізгі стационар болады.

Мекеме, жоғарыда атап өткеніміздей, рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирограф тағы да басқа заманауи аппараттармен жабдықталады. Жаңа емханда ашылғанда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігі жақсарып, пациенттер уақтылы, толық және сапалы тексеру және амбулаториялық немесе күндізгі стационар жағдайында ем қабылдайтын болады. Мекемені аралау барысында шаһар басшысы «Медициналық орталық бұл елді мекендерге жақын орналасқан. Қалаға әуре болмай-ақ қызметтің басым бөлігін осында алуға болады. Бұл өз кезегінде халыққа сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады» деді.

Жалпы медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы барша заманауи талаптарға жауап береді. Қажет құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Мұның өзі өңірдегі медициналық қызмет сапасының жаңа сатыға көтерілуіне сеп болары айдан анық.