ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

107
0

Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.

– Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, Шымкент ауыл шаруашылығы дамыған өңірлермен іргелес жатыр. Бірақ салада озық технология жеткіліксіз. Енді агроөнімді заманауи тәсілмен терең өңдеуге басымдық беріледі. Бастысы – азық-түлік азаматтарға қолжетімді болуы тиіс. Өз сөзінде мемлекет басшысы «Қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы шарт. Онда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс. Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі –Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан, Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын» деп атап өтті.

Қазір қалада 49 мыңнан аса азамат үй кезегінде тұр. Биыл аумағы бір млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілсе, 9 мыңға жуық отбасы баспаналы болмақ. Президент бастысы үй бағасын шарықтатпай, азаматтарға қолжетімді етуді жүктеді. Қалаға іргелес жатқан 41 елдімекен қосылғалы инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселеге айналған. Тіпті 8 ауылда газ мүлде жоқ. Көгілдір отынға қол жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтау да тапсырылды. Әлеуметтік нысандар құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. «Шымкентте Оқушылар сарайы және Балалар шығармашылық орталығы салынып жатыр. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Қаланың демографиялық Өсімін ескере отырып, Әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте жаңа Опера және балет театрын салуды тапсырамын» деді мемлекет басшысы.