БІЗДІҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫМЫЗ БҰРЫНҒЫДАЙ ТЕҢГЕРІМДІ, КӨПБАҒЫТТЫ ЖӘНЕ КОНСТРУКТИВТІ БОЛАДЫ

101
0

Осындай аса күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Түркістаннан соң Шымкент жұртшылығымен жүздескен Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Қазақстанның әлемдік саясаттағы позициясына қатысты сөз сөйлеген ел президенті бірнеше бағытқа толықтай тоқталып өтті. 

«Осындай аса күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Біздің халықаралық аренадағы қызметіміздің басты мақсаты – Қазақстанның және халқымыздың мүддесі. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының үстемдігі үшін күресеміз. Біз халықаралық қатынастарда әділеттілік, ішкі істерге араласпау, мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын нығайтуды аса маңызды деп санаймыз. Біздің сыртқы саясатымыз бұрынғыдай теңгерімді, көпбағытты және конструктивті болады. Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенімдімін» деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы үшінші мегаполистің даму қарқынын сөз етті. ««Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Көлік-логистика аймағын» кеңейту – маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Шымкент өте қолайлы жерде орналасқан. Мұны тиімді пайдалансақ, қаланы оңтүстік өңірдегі ірі хабқа айналдыруға болады. Әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, осы мәселені пысықтауды тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кету керек, Шымкент қаласы инвестиция тарту бойынша еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда көш басында келеді. Бұдан бөлек, қоғамның өзге салалары бойынша да алдыңғы қатарда екенін айта кету керек.