МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТУДЫ ЖЕРГЕ ТҮСІРМЕЙ АЛЫП ШАҚҚАН АЗАМАТТАРҒА АЛҒЫС БІЛДІРДІ

126
0

Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент жуырда үшінші мегаполистегі орын алған жайсыз оқиға кезінде спорт кешенінің шатырының астында қалған туды алып шыққан азаматтар турасында айтып өтті.

«Былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғаны елдің есінде. Сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шықты. Шынайы отаншылдық осындай әрекеттен көрінеді. Құр сөзден түк шықпайды. Алаңдарға шығып, жалған ұран тастап жүргендердің, меніңше, нағыз отансүйгіштікке ешқандай қатысы жоқ. Қастерлі туымызды жерге түсірмей алып шыққан бірнеше жігіт бүгін ортамызда отыр. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі етуіміз керек. Осыған орай, мен Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға Алғысымды жариялаймын» деді мемлекет басшысы.

Айта кету керек, шежірелі шаһардың кемінде 2200 жылдық тарихы бар екенін айтқан Мемлекет басшысы оның ЮНЕСКО деңгейінде расталған дерек екенін еске салды. Президенттің айтуынша, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері көптеген оң өзгерістер болды. Атап айтқанда, қаланы дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оған қоса 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Қала бюджеті 4 есе өсіп, өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артқан. Сондай-ақ аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды. Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айта келіп, Шымкентті өркендетуге қатысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталды. Ең алдымен, Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, индустриялық аймақтарды жетілдіру үшін  қала экономикасын әртараптандыруға және отандық өнім шығаруға баса мән беріліп жатқанын жеткізді. Президент келесі мәселе ретінде ауыл шаруашылығын өркендетуге тоқталып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау үшін «Іскер қала» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен.