МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫ НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

93
0

Медицина саласының қарыштап дамуы қоғам үшін қашан да өзекті. Сондықтан аталған салаға елімізде ғана емес жалпы әлемде айрықша назар аударылып келеді. Талай адамның өмірін жалмаған қауіпті індеттің беті аталған сала мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында қайтты. Сондықтан медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту ісі қарқынды жүруде. Оның ішінде Шымкентте қолға алынған шаруа көп.

Жуырда үшінші мегаполистегі №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық  ота жасау бөлмесі ашылды. Жаңадан орнатылған қондырғы арқылы диагностикалық тексерулерді өткізе отырып, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік артты. Жалпы үшінші мегаполисте соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. Ангиографиялық аппараттар 2020 жылы №2 қалалық ауруханаға, 2021 жылы Қалалық клиникалық балалар ауруханасына және Қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін арттырды.  Мұнда бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсульт алған науқастарға жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады. Құны — 1 млрд теңгеге жуық. Жүйенің ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады.  Қаланың және жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді. Айта кету керек, биыл үшінші мегаполистегі бірнеше медицина нысанының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында да бірнеше мекеме жұмысын бастады. Мұның өзі саланың дамуына тың серпін береді.