ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС ӘКІМІ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 1-қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, аға ұрпаққа құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Жылдағы дәстүрге сай “Миллионер” мейрамханасында қарттарға дастархан жайып, өмір жолдары мен ел үшін жасаған еңбектерін ұлықтады.
Арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылып, ән-күйден шашу шашылды. Қала әкімінің бағалы сыйлықтары табысталды.
Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар ардагерлер қауымы марапатталды.
Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов атаулы мерекеде ел үшін еткен еселі еңбектерінің арқасында аймағымыздың айтулы тұлғаларына айналған Исмат Тұрсынқұлұлына, Өстемір Тілегенұлына, Алданазар Құрманбаевқа, Әбілқасым Досболовқа, Досыбай Шерімқұловқа “Құрметті ардагер”, Болатхан Ермекбаевқа “Құрметті құрылысшы” атағын, ал Ұлықпан Башенов, Асылбек Тоқмағанбетов, Бастарбек Байжановқа “Құрмет белгісі” төсбелгілерін табыстады.
“Өңіріміздің өрістеп, көшіміздің өрге басып, өркен жаю жолындағы әрқайсыларыңыздың ерен еңбектеріңіздің арқасында, ал бүгінгі жарқын жетістіктеріміз сіздердің тыным таппай атқарған жұмыстарыңыздың жемісі деп білемін. «Ауылыңда ақсақалды қария болса – жазулы тұрған хатпен тең», – деген бабалар даналығын өмір тіршілігіне биік мұрат еткен халқымыздың бүгінгі ұрпағы қай кезеңде де үлкенді ұлық тұтып, кішіге ұлағат қалдырған. Сіздердің бай тәжірибелеріңізді жоғары бағалаймыз. Табанды еңбектеріңізге алғыс білдіре отырып, өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңізге бас иеміз”,-деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 84 844 зейнеткер, соның ішінде 5 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2390 тыл еңбеккерлері бар.