ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЖАҢА САЯБАҚПЕН ТОЛЫҒАДЫ

123
0

Шымкент – еліміздегі жасыл желекке бай қалалардың бірі. Үшінші мегаполисте тұрғындардың таза ауада тыныстауына мүмкіндік беретін саябақтар жетерлік. Енді олардың қатары тағы бір саябақпен толықпақ.
Нақтырағы, Шымкент қаласының 11-шағынауданына қарасты жаңа саябақ құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысанның жұмыс сапасын бақылап, тексеріп шықты. 1,6 га аумақты қамтитын саябақта амфитеатр, құрғақ субұрқақ, сыйымдылығы 140 м3 болатын жерасты су сорғысы орнатылды.
Сонымен қоса ересектер мен балаларға арналған демалыс аймағы, шахмат, үстел теннисін ойнауға болатын ойын алаңы, велосипед қойылатын жер, биодәретхана, көше тренажерларының спорт және трансформаторлық қосалқы станциясы, арқан паркі қарастырылған. Құрылыс ауданы – 87 шаршы метр, қатты жабын ауданы – 2302 шаршы метр, көгалдандыру ауданы – 7488 шаршы метр. Аталған нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталған болатын. Қазір жұмыстың 93%-ы аяқталды. Жоспар бойынша саябақ қараша айының соңына ел игілігіне берілмек.
Айта кету керек, Шымкентте заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшасы салынып, ескілері қайтадан жаңғыртылуда. Жуырда қала басшысы Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданына қарасты Түркістан көшесінде орналасқан көпқабатты үй аулаларына орнатылып жатқан жаттығу элементтері мен ойын алаңдарын көріп, тұрғылықты халықпен кездесті. Әл-Фараби алаңы №1А, Түркістан көшесі №2/3, 2/7 көпқабатты үйлер ауласындағы спорт алаңшасын жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, қазіргі таңда оның 90%-ы орындалды. Ал балалар ойын алаңшасының құрылыс-монтажы тамызда басталған, бір айда жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Аулаларда түрлі жастағы балаларға лайықты ойын элементтерімен қоса шағын футбол алаңшасы да ашылады. Көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшалары «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде орнатылуда.