70 ЖЫЛДАН АСТАМ ТАРИХЫ БАР НЫСАН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТЕДІ

Шымкент қаласында спорт нысандарын салу мен жөндеу жұмыстарына баса мән беріліп келеді. Мәселен, қазіргі уақытта тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алатын «Металлург» стадионын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Аталған стадион 2017 жылы әкімдік балансына өткен еді.

Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов құрылыс барысына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың орындалу барысын тексерді. Негізгі жоспар бойынша мұнда әкімшілік-тұрмыстық корпус, спорт залдар, асхана, командалық ойындарға арналған спортзалдар, 62 орынға арналған спортшылар үйі салыну керек. Сонымен бірге 1504 орынға арналған трибуна, командалық киім ауыстыру бөлмесі, спорттық тренажерлер алаңшасы, ойындар алаңшасы да қарастырылған. Сондай-ақ, кешенде қолданылатын спорттық табло, сумен жабдықтау сорғысы, кәріз сорғы бекеті салынуда. Аумағы 3 га аса жерді қамтитын нысанның құрылысы 2020 жылдың наурызында басталған болатын. Бүгінге дейін жұмыстардың біраз бөлігі атқарылған. Жалпы стадион құрылысы келесі жылға өтпелі. Жалпы Шымкент қаласында 4 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі – Бозарық-3 шағынауданында бой көтеріп келе жатқан Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің қосымша ғимараты. Жобаға сәйкес бұл нысанда бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта — ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медпункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал, екінші қабатта — әмбебап спортзал, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Спорт мектебіндегі құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Айта кетейік, Шымкент қаласында спорт саласында «Металлург» стадионы жаңартылып, Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы мен Шымкент жоғары медицина колледжінің спорт залының құрылысы жүруде. Мұның өзі спортсүйер қауым үшін жақсы жаңалық болып отыр. Спорт саласындағы инфрақұрылым жақсарса, нәтиженің де жоғары болары бесенеден белгілі.