ҚАЛА БАСШЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ТЫҢДАДЫ

76
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықтың жеке мәселелері бойынша жоспарланған кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Талап-тілегін алға тартқан 200-ден астам тұрғынды қала әкімі М.Әйтеновпен қоса, мәселеге қатысты басқарма басшылары, салаға жауапты әкім орынбасарлары, Шымкент қаласы полиция департамент басшылары мен прокуратура секілді мемлекеттік органдар өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.
Әртүрлі себептермен қиын жағдайда жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешім жолдары қаралды. Мәселенің біразы сол жерде шешімін тапса, тағы біразына уақыт қажет. Ал, орындалуы заңға қайшы талап иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Көпшілік баспана кезегі, жер телімдерін заңдастыру, жеке кәсіпкерлік нысандарына жер бөлу, жолдар салу сияқты мәселелерімен қатар, іргелес және шалғай жатқан елдімекендердің су, газ, жарықпен қамтылуын сұрауда. Денсаулық саласы мен білім беру мекемелеріне жұмысқа тұру жөніндегі сұрақтар да жоқ емес. Бұған шаһар басшысы әрбір сұраққа жеке жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.
Барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты шешілу жолдары айтылып, хаттамаға енгізілді.
Өзектілігін жоймаған тұрғын үй кезегі мен жер телімін заңдастыру мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді.
Айта кету керек, жуырда ғана қала әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты 2 390 тұрғыны бар Көкбұлақ елді мекенінің тұрғындарымен кездескен болатын. Ондағы елді мекеннің инфрақұрылым жүйелері яғни оптикалық интернет желісі, су мен жарыққа толықтай қол жеткізген. Ал көгілдір отыны осы жылдың ІІІ тоқсанында қамтылатын болады.
Еске салар болсақ, қала әкімінің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.