ШЫМКЕНТТЕ «ДОС-МҰҚАСАН» ТОБЫ ТУРАЛЫ КӨРКЕМ ФИЛЬМІНІҢ КӨРСЕТЕЛІМІ ӨТТІ

92
0
Бүгін Шымкент қаласындағы «Nauryz PARK» сауда орталығында «Дос-Мұқасан» тобы 55 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды uakit.kz.
Қазақстанға ғана емес ТМД елдеріне танымал «Дос-Мұқасан» тобының 55 жылдығына орай түсірілген «Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі ұйымдастырылды.
Фильмнің тұсау кесеріне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, өңірдің зиялы азаматтары, БАҚ өкілдерімен қоса танымалы блогерлер қатысты.
Жобаның бас продюсері Айгүл Байбектің айтуынша аталмыш фильмді түсіруге «Богемская рапсодия» фильмі түрткі болған екен. Ол осы туындыны Қазақстанда түсіруді армандап, ұжыммен келісе отырып, армандаған жобаны қолға алып бастап кеткен. Фильмнің бас-аяғына дейін жүрген   «Дос-Мұқасан» тобының мүшелері Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайыновтар өз кеңесін беріп жүргенін де айрықша атап өтті.
Аты аңызға айналған топ жайлы «Дос-Мұқасан» атты көркем фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық киноны қолдау орталығының тапсырысымен 2020 жылдың қысында басталған. Фильмнің шығуына 60-тан астам маман және 50 актер қатысқан. Айдын Сахаманның режиссерлігімен таспаланып шыққан жанр ұлттық өнерге сәйкестендіріп түсіріліпті. Онда талантты жастардың өнері мен өмірі, бауырмалдығы мен алғашқы махаббат оқиғасы бейнеленген. Сонымен қатар 60 жылдардағы киім мен шаш үлгісіне дейін ерекше мән беріп, ұқсастыра білген.
– «Дос-Мұқасан тек қана ансамбль емес, қазақ музыка өнерінің кеңес кезіндегі қазақ жастарының тарихы. Тек музыканттардың бірлестігі емес, халқымыздың сол кездегі ар-намысы деп баға берсе болады. Шынайы өмірді бейнелеген кино көрерменнің жүрегіне жол табады деп ойлаймын. Шымкенттіктердің атынан ұжымға алғыс айтқым келеді,- деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан фильмнің тұсаукесерінен соң.
Көрсетілім соңында көрермендер ду қол шапалақпен, фильмнің көңілдерінен шыққанын жеткізді. Айта кетейік, түсірілім 3 жыл уақытқа созылған. Қазақстанның түрлі қаласында түсірілген бұл жобаға еліміздің белді театр әртістері іріктеліп алынған. «Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі бұдан бұрын Астана, Алматы қаласында өткен болатын.