ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРУДА
Елімізде электр желілері басқа инженерлік желілерге қарағанда әбден тозған. Осыдан бірер жыл бұрын бұл мәселе Түркістан қаласының да түйіткілі болатын. Тозығы жеткен электр жүйелеріндегі бағаналардың құлауы жарықтың сөнуін тудырып жататын күндер жиі болған. Сонымен қатар ескірген электр желілері де екпіні қатты жел соқса істен шығып, жүздеген үйде жарық жалп ете қалатын жағдайлар орын алып келді. Тіршілікті қамтамасыз ететін электр энергетика жүйелеріндегі мұндай авариялар техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар болып табылады. Мұны жою үшін Түркістан қаласында электр желілері жаңартылып жатыр. Түркістан қаласының негізгі орталық көшелерінде орналасқан электр желілерін кабельдік желіге ауыстыру бойынша 4 нысанның құрылысы жүргізіліп жатқаны соған мысал.
Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, бірінші нысан С.Қожанов пен Байбұрт көшелері аралығындағы құрылыс толық аяқталып, 10 кВ-ты 10,3 шақырым және 0,4 кВ-ты 11, 6 шақырым желі жүргізілді. Қазірде абоненттер жарықпен толық қамтылған.
Екінші, Б. Саттарханов даңғылы мен Кенесары көшесі бойынша , 10 кВ-ты 8, 4 шақырым, сонымен бірге, 0,4 кВ-ты 15, 7 шақырым электр желісі құрылысының 90% жұмысы біткен.
Одан бөлек, Әл-Фараби, Ататүрік, С. Ерубаев көшелерінде салынып жатқан 10кВ-ты 8,3 шақырым және 0,4 кВ-ты 61, 7 шақырым заманауи электр желілерінің құрылысы аяқталуға жақын.
Және де Тәуке Хан даңғылы, Қазыбек би, М. Абеновa, Төле би, Н. Төреқұлов, Н. Тынышқұлов көшелері бойында 10 кВ-ты 29, 7 шақырым, сонымен бірге, 0,4 кВ-ты 30, 7 шақырым электр желісінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.