ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ — БІЛІМДІ ҰРПАҚ

550
0

Елдің болашақ қарқынын білгің келсе, бүгінгі өскелең ұрпақтың қарым-қабілеті мен біліміне назар аудар. Бұл – қазіргі уақытта қалыптасқан аксиома. Сондықтан болар жаһан алпауыттарынан бастап, дамушы елдерге дейін жастардың жан-жақты болуына, ілім жинап, білім кеңістігінде өзін мойындатуына, ғылым саласында жетістікке жетіп, өзгелерден оза шабуына айрықша назар аударып, қажет барлық шараларды көріп келеді.

Бұл тұрғыдан келгенде еліміздің де ауыз толтыра айтар жетістіктері жоқ емес. Мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде жастар саясаты жанданып келеді. Түрлі шаралар ұйымдастырылуда.  Мәселен, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова жуырда Еңбекші ауданының жастарымен кездесті. Кездесудің мақсаты — қаламыздағы жастардың түрлі бағыттағы мәселелері мен ұсыныс пікірлерін тыңдау.

Еңбекші аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткен кездесуде жастармен бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жастардың жеткен жетістіктері мен шешуді қажет ететін мәселелері және орта арнаулы оқу орнындағы бітіруші мамандық иелеріне мемлекеттік бағдарламалар, жеке кәсіпкерлік, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй және білім саласы төңірегінде мәліметтер айтылып, пікір алмасты. Кездесу барысында басқарма басшысының орынбасары Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды, жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімелеп берді. Жолдау – жастардың бойында азаматтық позицияны арттырып, патриоттық сезімді оятты. Оларды қоғамға бейімдеп, келешекте отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай оған үлес қосуға шақырды. Кездесу барысында Мөлдір Тұрсынбекқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап беріп, сәттілік тіледі.