ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ — ЗОР МІНДЕТ

82
0

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі — ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау. Бұл тұрғыдан келгенде жыл басынан бері атқарылған шаруа аз емес.

Соңғы статистикалық ақпараттарға сүйенсек, Шымкент қаласы бойынша зейнеткерлер саны – 85 295, оның ішінде ҰОС ардагерлер саны – 4, тыл еңбеккерлері – 2 364. Көп балалы аналар саны – 54 569, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар – 11 389. Жоғарыдағы азаматтарға мереке мен атаулы күндерге арналған бір реттік және ай сайынғы көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы №47/369-6с шешімі негізінде 8 наурыз «Халықаралық әйелдер күніне» орай 10 778 көпбалалы аналарға 15 315 теңгеден әлеуметтік көмек төленді. 21-23 наурызда (Наурыз мейрамы) 172 қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 15 315 теңгеден  әлеуметтік көмек төленді. 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, Семей полигонынан зардап шеккен 2 042 азаматқа 114 480 теңгеден әлеуметтік көмек көрсетілді. 9 мамыр «Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне» орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне біржолғы 360 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 1,1 млн.теңгеден 7 адамға әлеуметтік көмек төленген. Ленинград қаласын қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған 3 азаматқа 23 АЕК-тен немесе 73 140 теңгеден берілген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагердің, гетто және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 5 азаматқа – 23 АЕК-тен 73 140 теңгеден үлестірілген.

Маслихаттың шешіміне сәйкес, зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету мақсатында 874 жолдамаға 12 күннен, ал 4 445 жолдамаға 6 күннен барлығы 5 319 ардагерлерге қарастырылып, қазіргі таңға дейін 4 санаторлық-емдеу (Ақсу-Жабағылы, Денсаулық, Айша бибі, Арыс) курорттарымен келісімшарттар түзіліп отыр. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша 2700-ден астам зейнеткерге жолдама беріліп, санаторлық-емдеу курорттарына жолданып және 10302 өтініш қабылданды. 2500 ардагерге тегін басылымдарға 1-2 жартыжылдыққа («Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», «Айқын» газеттер, «Ардақты ардагер» журналы) жазылды.