ҚАЛА ӘКІМІНЕ 200-ДЕН АСТАМ АЗАМАТ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕМЕН ЖҮГІНГЕН

122
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықтың жеке мәселелері бойынша жоспарланған кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді. Талап-тілегін алға тартқан 200-ден астам тұрғынды қала әкімі М.Әйтеновпен қоса, мәселеге қатысты басқарма басшылары, салаға жауапты әкім орынбасарлары, Шымкент қаласы полиция департамент басшылары мен прокуратура секілді мемлекеттік органдар өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.
Әртүрлі себептермен қиын жағдайда жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешім жолдары қаралды. Мәселенің біразы сол жерде шешімін тапса, тағы біразына уақыт қажет. Ал, орындалуы заңға қайшы талап иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Көпшілік баспана кезегі, жер телімдерін заңдастыру, жеке кәсіпкерлік нысандарына жер бөлу, жолдар салу сияқты мәселелерімен қатар, іргелес және шалғай жатқан елдімекендердің су, газ, жарықпен қамтылуын сұрауда. Денсаулық саласы мен білім беру мекемелеріне жұмысқа тұру жөніндегі сұрақтар да жоқ емес. Барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты шешілу жолдары айтылып, хаттамаға енгізілді. Өзектілігін жоймаған тұрғын үй кезегі мен жер телімін заңдастыру мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді. Еске салар болсақ, қала әкімінің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.
Айта кету керек, қала әкімі бұған дейін үшінші мегаполиске қарасты аудандардың тұрғындарымен есепті кездесу өткізген болатын. Қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері таныстырылатын жиында да тұрғындар тарапынан түрлі өтініштер мен ұсыныстар айтылып жатады. Ол бойынша да қалалық әкімдік тарапынан жедел тапсырмалар беріліп, дер кезінде орындалуда. Ал шешілуіне бірнеше жыл қажет болатын кешенді жұмыстар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.