ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

«AMANAT» партиясы өз жұмысында тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты мәселелерді шешуге ерекше мән береді. Партияның басты қағидаты – әр азаматтың өтінішін елеусіз қалдырмай, жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, уақтылы шешім қабылдау. Соның айқын бір көрінісі ретінде Тұран ауданында орын алған жағдайды айтуға болады.

Жуырда «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне қала тұрғыны Артур есімді азаматтан өтініш түсті. Ол өз өтінішінде Гагарин көшесі №14 үйдің ауласындағы балалар ойын алаңында орналасқан ойын элементі сынғанын және бұл жағдай тұрғындарға, әсіресе балаларға қолайсыздық тудырып отырғанын баяндаған. Бұл мәселе тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты болғандықтан, партия өкілдері өтінішті дереу қарауға алды. Қоғамдық қабылдау барысында мәселені тыңдаған Тұран аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы тұрғынның шағымын назарға алып, бұл жағдай бойынша Тұран ауданы әкімдігіне тиісті түрде хабар берілетінін жеткізді. Ол сондай-ақ партияның басты мақсаты – халықтың мәселесіне бейжай қарамай, әрбір өтінішті нақты шешімге жеткізу екенін атап өтті. Партия өкілдерінің жедел әрекетінің нәтижесінде тұрғынның өтініші көп ұзамай өз шешімін тапты. Тұран ауданы әкімдігіне қарасты «Тұран КММ абаттандырылған нысандарды күтіп ұстау бөлімі» мамандары көрсетілген мекенжайға барып, ойын алаңындағы сынған элементті қалпына келтірді. Осылайша, тұрғындардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету бағытындағы кемшіліктер ретке келтірілді. Бұл жағдай партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай жұмыстардың басты ерекшелігі – тұрғындардың шағымы ұзаққа созылмай, нақты нәтижемен аяқталуы. «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Халықпен кері байланыс» қағидатының басты мақсаты да – осындай жедел әрекет пен нақты шешімге қол жеткізу. Қала тұрғыны Артур мен басқа да тұрғындар көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді. Олар балалардың қауіпсіз ойнай алуына мүмкіндік жасалғанына және партияның тұрғындар үніне бейжай қарамайтынына алғыстарын айтты.

Тұран аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы бұл тек бір ғана мысал екенін атап өтті. Партия филиалы күн сайын ондаған өтініштерді қабылдап, олардың әрқайсысы бойынша нақты шаралар қабылдап келеді. Оның айтуынша, тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі инфрақұрылым, аула абаттандыру, жарықтандыру, жол жөндеу және әлеуметтік қолдау тақырыптарына қатысты. «Партия халықтың мүддесін қорғап, олардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жұмыс істейді. Әрбір өтініш – біздің назарымызда. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғындардың мәселелерін шешуге бар күшімізді саламыз. Бұл – біздің азаматтық әрі саяси жауапкершілігіміз» деді Есімхан Қалмаханұлы. Осындай мысалдар «AMANAT» партиясының шынайы халықтық ұйым екенін көрсетеді. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері – азаматтар мен билік арасындағы тікелей байланыс алаңы. Мұнда әр адам өз ойын ашық айтып, нақты көмек ала алады. Ал партия өкілдері өз кезегінде тұрғындардың сенімін ақтау үшін әрбір өтініштің орындалу барысын бақылауда ұстайды.