«ТАЗА ҚАЛА» АКЦИЯСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛУДА

119
0

Шымкент қаласында «Таза қала» акциясы аяқталды. Қазіргі уақытта шараның қорытындысы шығарылуда. Аталған шараның мақсаты – тұрғындарды қала тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны абаттандыруға шақыру. Ағымдағы жылы 10-рет ұйымдастырылып отырған конкурстың өтуіне Шымкент қалалық әкімдігінің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мұрындық болуда.

Қазіргі уақытта қалалық Азаматтық Альянстың ресурстық орталығында акцияның қорытындысы шығарылып жатыр. Шешім шығарушы комиссия құрамында басқарма өкілі мен Азаматтық Альянстың мүшелері, қаладағы төрт аудан әкімдігінің қызметкерлері бар. Бір ерекшелігі, әр ауданның әкімдік қызметкерлері өз ауданы бойынша үміткерлердің жұмысын бағалауға қатыстырылмайды.

«Биылғы үміткерлерді бес номинация бойынша қарастырып отырмыз. Олар – үздік аула, үздік көше, үздік үй, үздік аула тазалаушы және үздік тұрғын алаптар. Бұл акцияға қатысуда шектеу болған жоқ, кез келген тұрғын немесе үй төрайымы қатыса алады. Алдымен әр ауданда өзара үздігін анықтап, осы комиссия отырысында қарауға жібереді. Мұндағы мақсатымыз – қала тазалығын сақтауға үндеу» – дейді ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссияның мүшесі, әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Айтбекқызы. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, биылғы шараның өз ерекшелігі бар. Атап айтар болсақ, 5 номинацияның үздіктері үшінші мегаполиске қарасты 4 аудан бойынша анықталмақ. Жеңімпаздарға ақшалай жүлде де табысталады. Қала ішіндегі тазалықты сақтау мен қоршаған ортаны қорғауда мұндай шаралардың маңызы айрықша. Бүгінде жалпы елімізде экология мәселесі күн тәртібінде тұрған өзекті түйткілдердің бірі саналады. Сондықтан тұрғындардың экологиялық сауатын арттыруға аталған шара ауқымды түрде үлес қоспақ.