«БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ ЖҮГІНЕТІНДЕР САНЫ АРТҚАН
Шымкентте мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру шеңберінде «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері» тақырыбымен жиын өтті. Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған кездесуге «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, «Әйелдер күштері Альянсы» төрайымы, балалар құқығын қорғау уәкілі Жаннета Жазықбаева, «Бақытты жанұя» орталығының басшысы Абибулла Қалымбет, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Нұржан Асанов, қаладағы 4 аудан әкімдігі жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әлеуметтік орталықтардан қызмет алушы қыз-келіншектер қатысты.
Жиын барысында қатысушылар ата-аналардың жауапкершілігі, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, қыздың тәрбиесі, отбасындағы кикілжіңдер сынды мәселелерді талқылады. «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова Баян Жандосова өз сөзінде ер мен әйелдің қарым-қатынасының бала психологиясына тікелей әсер ететініне тоқталып өтті. «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтардың себебі көбіне әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты. Атап айтқанда, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасындағы материалдық деңгейдің төмендігі, маскүнемдік осы факторлардың барлығы адам құндылығының жоғалуына алып келеді. Отбасындағы жанжалдар балалардың психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Екеуара кикілжіңнің өзі бір отбасындағы 4-5 баланың күйзелісіне әкеліп соғады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби 1 жарым жасқа толғанша ұзартатынан мәлімдеді. Бұл бала мен ананың сәби кезінде көбірек бірге болуына, әрі әлеуметтік тұрғыдан қамтылуына сеп болады. Жолдауда бүлдіршін балабақшаға барғаннан кейінгі тәрбие ісіне де тоқталған. Тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, еңбекақысын көбейту, осы саладағы мамандарға қойылатын талаптарды нақты бекітуді және жұмыс жүктемесін азайтуды тапсырды. Енді балабақшаны емес, ол жерде баланың тәрбие ісімен айналысатын тәрбиешіні іріктеу мәселесін көтеріп отыр. Баланы жастайынан нағыз маман тәрбиелесе, болашақта қоғамға пайдалы азамат болып жетілетін еді» деді ол.
Бүгінгі үшінші мегаполисте дағдарыс жағдайында тұрған шаңырақтарға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін әлеуметтік орталықтардың белсенділігі артқан. Мәселен, жыл басына бері «Бақытты жанұя» орталығына 28 мыңға жуық отбасы жүгінген. Яғни бұл – бір күннің ішінде орташа есеппен 750-ге жуық азамат аталған орталықтың қызметіне жүгінеді деген сөз. «Алғашында көпбалалы отбасылар қаржылай көмек көрсететін мекеме ретінді қарап, «бізге не бересіздер?» деп келетін. Орталық өз қызметтерін ұсынғанымен материалдық тұрғыда ешқандай көмек көрсетпейтінін, «балық» емес, «қармақ» ұсынатынын жеткіздік. 9 айдың көрсеткіші бойынша 550 ана тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстарын тәмамдап, сертификат алды. Барлық тәрбиенің бастауы – отбасы. Біздің мамандар дағдарысқа кезіккен отбасыларға қызмет көрсету үшін түн ортасына дейін жұмыс істеуден жалыққан емес. Осы бағыттағы жұмысымызды әрмен қарай жалғастырамыз. Өйткені, тұрғындардың санасы серпілген сәтте ғана олардың өмірге деген құлшынысы өзгеретінін жұмыс барысында көріп отырмыз» деді Абибулла Исламбекұлы.