ШЫМКЕНТ ТӨРІНДЕ КЕЛЕЛІ ЖИЫН ӨТТІ

94
0

Елінің ертеңін ойлайтын қоғам бүгін жастардың мәселесін шешуге тырысады. Бұл тұрғыдан келгенде елімізде қолға алынып жатқан жұмыстар көп. Бүгінгі өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық шаралар қолданылып келе жатыр. Жастардың белгілі бір кәсіптің майталман маманы атауы үшін де жағдайлар жасалған. Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жастардың бәсекеге қабілетті болуы керегі турасында жиі айтады.

Жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да бірқатар тапсырмалар мен міндеттерді қойды. Осы орайда, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде жастарға елімізде жүзеге асып жатқан реформаларды жан-жақты түсіндіретін түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі жуырда Шымкент қаласында өтті. Нақтырағы, Азаматтық ресурстық орталығында «Мемлекеттік басқару жүйесіндегі саяси реформалар» тақырыбында саясаттанушылар мен сарапшылар жастармен кездесті. Шараға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, «Мирас» университетінің студенттері мен мектеп мұғалімдері қатысты. Саясаттанушы, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков жиын барысында ел президентінің халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттар мен жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімелеп берді. Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың білімге ұмтылып, өз ісінің білгір маманы болуға шақырды. Нақтырағы «Мемлекет басшысының әр Жолдауы жастарға зор серпін береді. Ізденуші азаматтар, жастардың ата-анамның үмітін ақтаймын деген нақты мақсаты болуы тиіс. Қазір ғылымды игеріп, кәсібін дамытып, тек алға қадам басатын кезең. Жастар жасампаз болса, елдің болашағы да жарқын болады» деді ол.

Кездесу барысында Жолдау аясындағы міндеттер мен оны іске асырудың тетіктері айтылды. Жастар – еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Олар жан-жақты, білімді, тәжірибелі болғанда ғана ел алға жылжиды. Сондықтан саланың майталман маманы болу үшін мамандықты жетік меңгеруге басымдық берген жөн. Сонда ғана еңбек нарығындағы сұранысқа жауап беруге болады. Жиынды ұйымдастырудың да басты міндеті осыны жастарға ұқтыру болатын. Айта кету керек, қалада саясаттанушылар мен сарапшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің жастармен кездесуі әрі қарай жалғасын табады.