СТУДЕНТТЕРГЕ ҚҰҚЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

66
0

Зорлық-зомбылық фактілерінің жиілеуі – қоғамды алаңдатқан күрделі мәселенің бірі. Әділетті қоғамда әрбір азаматтың құқығы қорғалуы тиіс екені бесенеден белгілі. Осы оайда елімізде мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында зорлық-зомбылықтың алдын алу жобасы іске асырылуда.

Жуырда үшінші мегаполисте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында Шымкент көпсалалы колледжінің студенттерімен кездесу өтті. Жиынға Жастар ресурстық орталығының психологиялық көмек күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Айгүл Қанатқызы мен өзге де кәсіби мамандар қатысты. Іс-шара мақсаты — отбасылық қарым-қатынас арасындағы құқық бұзушылықты төмендету, жасөспірімдер арасындағы болып жатқан күш көрсетуді тоқтату. «Зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндер 14-29 жас аралығындағы жастар. Оларға психологиялық көмек керек. Егер де, жаныңыздағы досыңыз сондай жағдайға тап болса,  жылы сөздеріңізді аямаңыз. Оларға қолдау көрсетіп, құзырлы органдарға хабарласыңыздар» деді Жастар ресурстық орталығының психологиялық көмек күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Айгүл Қанатқызы жиын барысында.

Кездесуде зорлық-зомбылықтың қандай түрлері бары жастарға толықтай түсіндірілді. Сонымен қатар одан сақтану жолдары да айтылды. Шара мұнымен шектеліп қалған жоқ. Жастардың қатысуымен психологиялық ойындар жүргізілді. Студенттер ортаға шығып, өз ойларымен бөлісті. Жалпы мұндай шаралардың маңызы зор. Әділетті қоғам қалыптастыруда жұмыла жұмыс істеудің маңызы зор.  Жастар тарапы құқықбұзушылықтан бойларын ада ұстағанда ғана кемел келешек қалыптасады.