ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ БОЙЫНША КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ БАСТАЛДЫ

39
0
Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың үшінші легінде «Business.enbek.kz» порталына жалпы саны 1780 азаматтан өтініш түскен. Бүгін үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия отырысы басталды.
25 қыркүйектен 5 қазан аралығында өтеусіз қаражат алуға ниетті азаматтар өздерінің жаңа бизнес -жобаларын комиссия алдында қорғайтын болады. Қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам бірлестіктерінің өкілдерінен құралған комиссияның әрбір мүшесі үміткердің кәсіпті меңгеру деңгейіне, бизнес-жобалардың әлеуметтік әлеуеті мен қаржылай өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігі мен жаңа жұмыс орындарын құруына қарай бағалайды. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету мақсатында комиссия отырысы қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының инстаграм әлеуметтік желі парақшасында тікелей эфир арқылы көрсетілуде. Жалпы, Шымкентте биыл әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған 400 АЕК көлеміндегі грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің нәтижесінде 228 азамат грант иегері атанды. Бұл жолы 219 азаматқа грант беру жоспарланған. Қаражат шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға жұмсалады. Айта кету керек, былтыр Шымкент қаласында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант иегері атанған 1096 азамат өз қызметін салық органдарында тіркеп, есептерін тапсырған. «Қайтарымсыз грант әлеуметтік осал топтағы азаматтардың аяққа тұрып, өз кәсібін ашуына берілетін мемлекеттік қаржылай қолдау. Қаражаттың мақсатты жұмсалып, жеке кәсіп ашуға пайдаланылғанына мамандар тарапынан тексеру жүргізіліп отырады. Басқарма тарапынан былтыр грант алған 893 азаматтың кәсібіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 827 азаматтың жұмыс орнын ашып, қосымша 25 азаматты жұмыспен қамтығаны белгілі болып отыр. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Қалған азаматтардың кәсібіне алдағы уақытта зерделеу жүргізілетін болады» дейді қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы директорының орынбасары Жұлдыз Балтабаева. Басқарма мәліметінше, сондай-ақ әкімшілік-құқықтық бөліміне мемлекеттік грант қаржысын мақсатсыз пайдаланған үшін жалпы 142 азамат ұсынылған. Оның ішінде қаражатты қайтару үшін сотқа 136 азаматқа қатысты талап арыздар жолданып, оның ішінде 109 азаматқа қаржыны қайтару бойынша сот шешімі шықты. 24 азаматтың талап арыздары қазіргі таңда сотпен қаралуда және 9 азаматқа қатысты талап арыздар алдағы уақытта сотқа жолданады. Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің өзінде 6000-ға жуық азаматтан өтінім түсіп, 227-не оң шешім қабылданған.