ЕЛ БІРЛІГІ — ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ

114
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауы қоғам тарапынан жылы қабылданды. Еліміздің түкпір-түкпірінде маңызды құжатта айтылған міндеттерді орындау бойынша қызу жұмыс басталып кеткен. Бұдан бөлек, ел азаматтарына Жолдауда айтылған бастамалар мен жоспарларды түсіндіру жұмыстары да қарқын алған.

Мәселен, Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру, түсіндіру бойынша ақсақалдармен кездесу өтті. Іс-шараны «Аманат» партиясы Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды.  Саясаттанушы, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков Жолдаудағы басым бағыттарды, мемлекеттік басқару саласы, жаңа экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа өзгерістерді атап берді.  Сәкен Аралбайұлы ендігі ретте қайта өңдеу өндірісі, адами капиталды дамыту, саналы ұрпақ тәрбиелеуге назар аудару қажеттігін айтып, өз ойларымен бөлісті. Нақтырағы «Қазір нарық заманы. Әр адам өзін дамытып, бәсекеге қабілетті болса ғана, жетістікке жетеді. Бүгінде кәсіппен айналысуға, саналы ұрпақ тәрбиелеуде барлық мүмкіндік бар. Президент Жолдауының өн бойы экономикалық мәселелерге арналған. Халықтың әл-ауқатын көтеру, барынша халыққа жағдай жасау көзделіп отыр. Ұлт қуатты болса,  ұлт сапасын жақсарта алсақ, қоғам орнықты дамиды» – деді М.Әуезов атындағы ОҚУ «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков.

Ел бірлігі – ең басты байлық. Қаншама ұлт пен ұлыстың басын қосып отырған мемлекетіміз үшін ынтымақтың баға жетпес қазына екені бесенеден белгілі. Бүгінгідей сан түрлі саяси жүйелер мен идеологиялар қақтығысы өршіп тұрған уақытта ұлттық бірегейліктің маңызы айрықша. Осы орайда, Сайрам тұрғын алабының ақсақалдары Жолдауда айтылған міндеттерді толықтай жүзеге асыруда ұйымшылдықтың қажет екенін айтып, елді бірлікке шақырды.